Қолдау бар жерде – үміт бар
Ержан Әбіш
Әлеуметтік қолдау – мемлекеттің азамат алдындағы басты жауапкершілігінің өлшемі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады» деген болатын. Бүгінде бұл ұстаным нақты істермен дәлелденіп келеді: балаларға, аналарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін қолдау жыл сайын күшейіп отыр. Мұның бәрі – қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, әр отбасының болашаққа сеніммен қарауына жол ашатын маңызды қадамдар.
Ниет болса, жұмыс табылады
Қазіргі заманда жұмыс – табыстың бастауы әрі өмірлік тұрақтылықтың негізгі кепілі. Ал оны табуда мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуде. Тәжірибесі аз жастар да, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да, тіпті білімі жоқ болса да, еңбек нарығына қадам басып, оқып, жаңа дағдыларын шыңдап, өмірден өз орындарын тауып жатыр. Мұнда басты нәрсе – тек ынта мен жігер, ал қалғанына мемлекет мүмкіндік береді.
Облысымызда мемлекеттік жұмыспен қамтуды қолдау жобалары «Жастар практикасы» мен «Қоғамдық жұмыс» еңбек нарығында тұрақтылықты арттыру мен әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі құралдары болып отыр. Осы жобалардың негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды қажетті біліммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру және тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту.
«Жастар практикасы» жобасы жас мамандарға кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және алғашқы еңбек өтілін жинауға мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама арқылы жастар еңбек нарығына бейімделіп, кейінгі тұрақты жұмысқа жол ашады. Жобаның тәжірибесі көрсеткендей, жастар практикасына қатысқан мамандардың басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Ал «Қоғамдық жұмыстар» арнайы білімі жоқ азаматтарға уақытша жұмыс ұсынып, еңбек дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл жобалар арқылы азаматтар уақытша табыс көзімен қамтамасыз етіліп, кейінгі тұрақты жұмысқа бейімделеді. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, оның ішінде аталмыш топтағы жастарға бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алу мүмкіндігі қарастырылған. Биыл бұл грант көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 730 000 теңге.
– Жұмыспен қамту органдары мүгедектігі бар азаматтарға да арнайы қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, олар – бос және субсидияланатын жұмыстарға орналастыру, қысқа мерзімді кәсіптік және онлайн оқыту (skills.enbek.kz), бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК-ке дейін грант беру. Өткен жылы мүгедектігі бар 1058 адам жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, олардың 603-і тұрақты немесе субсидияланатын жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар 121 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, 87 адам сертификат алды, 39 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Жергілікті кәсіпорындар 734 жұмыс орнын квоталап, 663 адам жұмысқа орналастырылды. Осы жылға арналған квота – 718 жұмыс орны, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Тулепова.
Қысқа мерзімді кәсіби оқыту «Кәсіби оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру ережелері» бойынша жүзеге асырылады. Былтыр 77 мамандық бекітіліп, 428 жұмыссыз адам оқуға жіберілді. Оқуды 365 адам аяқтап, 313 адам (86%) тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі кезде 43 адам «Өскемен әуежайы» акционерлік қоғамының базасында оқып жатыр, оқу мерзімі 20 мамырға дейін жалғасады. Онлайн платформалар арқылы да көптеген азаматтар тегін оқу мүмкіндігіне ие болып, сертификат алады.
Биыл жұмыспен қамту саласында тұрақты жұмыс орындарын көбейту, еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету және жастарды тиімді жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жалғасады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтардың табысын арттыруға бағытталған.
«Жастар практикасы» мен «Қоғамдық жұмыс» жобалары, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және қысқа мерзімді қайта даярлау курстары – өңірдегі жұмыспен қамтуды жеделдетіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы тиімді механизмдер.
Көпбалалы ана – қоғамның ырыс-құты
Азаматтарын әлеуметтік тұрғыда қолдау – әрбір өзін әлеуметтік деп есептейтін мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Еліміз әлеуметтік салаға қаржыны жыл сайын көбейтіп, мұқтаж азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлуде. Биыл да айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жәрдемақылар көлемі артты. Бала күтімімен отырған аналар, көпбалалы, әлеуметтік осал отбасылар – ешқайсысы мемлекет назарынан тыс қалмай, жан-жақты қамтылып отыр.
– Облыста 13 400 көпбалалы отбасы бар, олардың ішінде 4271 ана «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана» атағымен марапатталған. 9129 отбасы төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отыр. Мемлекеттік қолдау – бұл тек қаражат қана емес, сонымен бірге отбасының өмір сүру сапасын арттыратын сенімді тірек, – дейді басқарма өкілі.
2026 жылы айлық есептік көрсеткішпен бірге көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақының көлемі де өсті. Мәселен, 4 балаға – 69 265 теңге (16 АЕК), 5 балаға – 86 598 теңге (20 АЕК), 6 балаға – 103 930 теңге (24 АЕК), 7 балаға – 121 263 теңге (28 АЕК), 8 және одан көп бала болса – әр балаға 4 АЕК мөлшерінде, яғни кемінде 138 596 теңге. Бұдан бөлек, «Алтын алқа» иегерлеріне 31 997 теңге (7,4 АЕК), ал «Күміс алқа» үшін 27 680 теңге (6,4 АЕК) қарастырылған.
Биыл бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы да көбейеді. Мәселен, бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге (63 АЕК). Ал егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлемақы беріледі. Оның көлемі мынадай: бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 29 465 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 33 951 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге (8,9 АЕК).
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Сондай-ақ көпбалалы аналар 53 жасқа толғаннан кейін зейнетке шығуға құқылы, ал 8 наурыз мерекесіне орай арнайы біржолғы төлемдер қарастырылған. Бұл шаралар – отбасы мен ана мәртебесін көтеретін, жүрек жылытар қолдау.
Әлеуметтік қолдаудың тиімділігін айқын көрсететін маңызды көрсеткіштің бірі – атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының айтарлықтай төмендеуі. Өткен жылы 1167 аз қамтылған отбасы (5452 адам, оның ішінде 3499 бала) көмекке қол жеткізді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 36,3 пайызға аздау. Осындай оң динамика – жаңа жұмыс орындарының құрылуы мен әлеуметтік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуының нәтижесі.
АӘК тағайындау қағидаларына енгізілген өзгерістер әлеуметтік көмектің нақты мұқтаждарға жетуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жергілікті атқарушы органдар өтініш берушілердің шығыс операциялары, несие міндеттемелері және депозиттері жөнінде мәлімет алады. Бұл деректер отбасының нақты қаржылық жағдайын бағалауға мүмкіндік беріп, АӘК тағайындау немесе бас тарту шешімін әділ негізде қабылдауға жол ашады.