Алтай төріндегі Әз-Наурыз: рух пен дәстүр тоғысқан ұлы думан
Жансая Төлеуғазы
(Фото) Махаббат Ахметжанова, Артём Жигулин
Өскеменде Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз кең көлемде, айрықша сән-салтанатпен аталып өтті. Биылғы мерекенің ең басты әрі тарихи сәті – Республика алаңында бір мезетте 5201 домбырашының «Ақбұлақ» әнін орындауы болды. Бұл бастама ауқымдылығы мен мазмұны жағынан ерекшеленіп, әлемдік рекордқа ұмтылыс ретінде тіркелді.
Шараның ерекшелігі – қатысушылар тек домбырамен әуенді шертіп қана қоймай, әнді де қатар шырқады. Яғни, әуен мен әннің бір мезетте орындалуы – рекордтық көрсеткіш ретінде ұсынылды. Мыңдаған адамның бір әнге бірігуі алаңдағы ерекше атмосфераны қалыптастырып, халық бірлігінің айқын көрінісіне айналды.

«Ақбұлақ» әнінің таңдалуы да кездейсоқ емес. Бұл шығарма көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын, тіршіліктің қайта жандануын бейнелейді. Сондықтан да ол Наурыз мейрамының мазмұнымен үйлесіп, мерекенің мәнін тереңдете түсті.
Рекордты тіркеу жұмыстары да қатар жүргізілді. Комиссия өкілдері барлық процестің жүйелі түрде жүзеге асқанын атап өтті.
– Барлық жұмыстарымыз жоспарлы түрде жүргізіледі. Мобилографтардың қатысуымен түсірілімдер ұйымдастырылып, рекордтық көрсеткіштер есепке алынады. Алдымен барлық қатысушыларды нақтылап аламыз. Алдағы жылы бұл жұмысты одан әрі жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Барлық мәліметтер жүйеленіп, тиісті құжаттар рәсімделеді. Еңбек нәтижелері толықтай есепке алынып, ресми түрде бекітіледі. Сонымен қатар шетелден келген материалдар (орыс, ағылшын, араб тілдеріндегі) сарапталып, тиісті қағаздар нақты бекітіледі. Нәтижесінде рекорд орнатуға қатысты құжаттар расталып, жауапты органдарға ұсынылады. Барлық деректерге штрих-код және цифрлық нөмірлеу беріледі. Ресми сайтқа рекорд туралы мәліметтер енгізіледі, – деді комиссия өкілдері.
Айта кету керек, шара барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та көпшілікпен бірге домбыра шертіп, «Ақбұлақ» әнін шырқады.

Бірлік пен берекенің бастауы
Өскемен төрінде Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз айрықша сән-салтанатымен, бұрын-соңды болмаған кең ауқымда тойланды. Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – орталық алаңға ағылған халықтың қарасы мен думанның айрықша көркем келбеті. Киіз үйлермен көмкерілген алаң ұлттық рухтың мәйегіне айналып, қыран құсын қомдаған құсбегілер мен садақ асынған мергендердің айбынды бейнесі көпшілікке дала дәстүрінің асқақ болмысын айқын сезіндірді.
Мерекелік шымылдық Қыдыр ата мен Жер ана бейнесіндегі тағылымды театрландырылған көрініспен түріліп, ізін ала сахна төріне жылқылар шеруі шықты. Ұлттық киім киген қатысушылардың әр қадамы мен бейнесі бабалар аманатын жаңғыртып, Наурыздың терең мәні мен өміршең рухын айшықтай түсті.


Наурыз думаны дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген мазмұнды шараларымен ерекшеленді. Республика алаңы ұлттық нақышта безендіріліп, киіз үйлер тігіліп, халықтық дәстүрлер кеңінен насихатталды.
Салтанатты жиында аймақ басшысы өңір тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, Наурыздың мән-маңызына тоқталды.
– Ардақты ағайын, қадірлі облыс қонақтары! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – береке мен бірліктің, ырыс пен бақтың бастауы. Бұл – табиғат түлеп, тіршілік жаңарып, адамзат жаңа үмітпен, ізгі ниетпен алға қадам басатын ерекше кезең. Наурыз – жыл басы ғана емес, достық пен мейірімнің, жаңару мен жасампаздықтың символы. Халқымыз үшін бұл мерекенің орны бөлек, мағынасы терең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамы жаңа сипатқа ие болып, мазмұны байытылды. Наурызнама онкүндігі аясындағы іс-шаралар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ел игілігіне бағытталып, өскелең ұрпаққа өнеге болуда.
Қазақ халқы қашанда жыл басын ізгі ниетпен, зор үмітпен қарсы алған. Біз де осы игі дәстүрді жалғастырып, бірлік пен келісімнің арқасында еңселі ел болып келеміз.
Жуырда өткен республикалық референдумда ел азаматтары ауызбіршілік пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді. Бұл – халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімінің айқын көрінісі. Соның нәтижесінде ел бірлігі мен тәуелсіздігіміздің символы – жаңа Конституциямыз қабылданды.
Наурыз – татулық пен жаңару мерекесі. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, молшылық тілеймін! – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өскемендегі наурыз рекордпен есте қалды

Мерекелік думан Республика алаңын шат-шадыман көңіл күйге бөледі. Әншілердің әуелеген әсем үні, күйшілердің күмбірлеген күйі мен бишілердің мың бұралған қимылы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Алаңға жиналған жұрт құсбегілердің қыранмен тілдескен шеберлігіне сүйсініп, ұлттық ойындарға белсене араласты. Балалардың асық атып, бозбалалардың қол күрестіріп, жігіттердің гір тасын көтеріп, арқан тартысқан сәттері Наурыздың тек думан ғана емес, ұлттық дәстүр мен күш-қайратты дәріптейтін тағылымды мереке екенін айқындай түсті. Алаңда күні бойы концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, тұрғындар асық атып, арқан тартып, қол күресіп, түрлі сайыстарға қатысты. Құсбегілердің өнері де көпшіліктің назарын аударды.
Мерекелік шаралар қаланың бірқатар ықшам аудандарында кеңінен жалғасын тапты. Согра кентіндегі стадионда және өзге де алаңдарда концерттер ұйымдастырылып, тұрғындарға бауырсақ пен Наурыз көже ұсынылды.
Кешкі уақытта Республика алаңындағы басты сахнада мерекелік концерт өтіп, белгілі өнер жұлдыздары – Жұбаныш Жексенұлы, BAYANSULU, Гүлнұр Салбанова, «Алашұлы» және «Меховая 8/1» топтары өнер көрсетті. Кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлап, Наурыз думанының шарықтау шегіне айналды.
Ауқымды флешмоб пен мерекелік шаралар көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Театр актері Алмат Сақатов та бұл бастаманың мән-маңызына тоқталды.
– Шынымды айтсам, Өскеменде осындай ауқымды шара өтеді деп ойламадым. Қазақтың қара домбырасының үнімен, қазақы әнмен мыңдаған адамның бір мезетте ән шырқап, әлемдік рекорд орнатып жатқаны – үлкен мақтаныш. Бұл – өз құндылығын қадірлеген, өнерін ұлықтаған ұлттың айқын көрінісі.
Халықтық мерекені осындай деңгейде ұйымдастырып отырған өңір басшылығына алғысымды білдіремін. Наурыз – ең ерекше мерекелердің бірі. Бұл кезде табиғат та, адам да жаңарады. Сондықтан баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Еліміздің, ұлтымыздың мерейін асырып, әрдайым биіктен көріне берейік. Өскемендіктер, рекорд құтты болсын! – деді ол.
Сондай-ақ мерекелік шара барысында «Алашұлы» тобы да халықпен жүздесіп, өз лебіздерін білдірді.

– Бізбен бірге болғандарыңызға алғысымыз шексіз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. «Алашұлы» тобы атынан баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Жыл басы құтты болсын! – деді өнерпаздар.
Жалпы, биылғы Наурыз мерекесі Өскеменде ұлттық рухты жаңғыртып, халықтың бірлігін айқындаған, мәдени-рухани тұрғыдан маңызды оқиғаға айналды. Ал 5201 домбырашының бір мезетте «Ақбұлақ» әнін орындауы – қазақ өнерінің әлеуетін әлемге паш еткен айтулы жетістік ретінде тарихта қалмақ.
Өскемен төрінде өткен шаттық пен сән-салтанатқа толы думан халықты ерекше әсерге бөлеген жарқын отшашумен қорытындыланды.