Болашаққа жасалған инвестиция
Ержан Әбіш
https://egemen.kz/media/2024/02/02/snimok-ekrana-2024-02-01-235621.webp
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында елдің табиғи ресурстарын болашақ ұрпақ игілігіне бағыттайтын «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жариялады. Бұл бастаманың мәні қарапайым – ұлттық байлық әр азаматқа бала кезінен бастап нақты және тікелей пайда әкелуге тиіс, ал табиғи ресурстардан түсетін табыс нысаналы түрде және тең дәрежеде бөлінуі қажет.
«Ұлттық қор – балаларға» бастамасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Бағдарламаға 2006 жылдан бастап туған барлық ел азаматтары қатыса алады. Іске қосылған кезеңде 6 919 131 бала қамтылды. 2024 жылы 304 815 қатысушы жинақталған қаражатты пайдалану құқығына жетті. Қаражатты есептеу барлық қатысушылар үшін тең шарттарда жүргізіледі, оның ішінде тұрғылықты өңір, отбасының табыс деңгейі немесе ата-анасының әлеуметтік мәртебесі ешқандай рөл атқармайды.
Бағдарлама аясында қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шоттарда жинақталады және 18 жасқа толғанға дейін пайдаланылмайды. Қаржылық тетік Ұлттық қор инвестициялық кірісінің 50 пайызын жыл сайын балалардың арнайы мақсатты жинақтау шоттарына бағыттауды көздейді. Қаражаттың негізгі көздері – мұнай, газ және елдің өзге стратегиялық ресурстарынан түскен түсімдер.
Бағдарлама іске қосылғаннан бері қаражаттың жыл сайынғы мөлшері өсіп келеді. 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ доллары есептелсе, 2025 жылы бұл сома 129,38 долларға жетті. Ал 2026 жылғы қаңтар айындағы есептеу бойынша бір балаға 130,71 доллар қарастырылды. Нәтижесінде, бағдарламаға үшінші жыл қатарынан қатысып отырған бала үшін қаражаттың жалпы сомасы, инвестициялық кірісті қоса алғанда – 370,56 доллар.
Мақсатты жинақтарды азамат 18 жасқа толғаннан кейін пайдалана алады. Қаражат екі бағыт бойынша жұмсалуы мүмкін – тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе оқу ақысын төлеу.
Қаражат толық көлемде де, ішінара да пайдаланылуы мүмкін. Пайдаланылмаған қалдық мақсатты жинақтау шотында сақталады. Алу рәсімі уәкілетті операторлар арқылы жүзеге асады: қаражат операторға аударылып, одан әрі қатаң түрде мәлімделген мақсатына сәйкес алушының банк шотына жіберіледі. Мақсатты растамай тікелей қаражат алу мүмкіндігі қарастырылмаған.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мақсатты жинақтарды пайдалану туралы 205 505 өтініш орындалды. Аударылған қаражаттың жалпы көлемі 31,61 миллион долларды құрады. Оның ішінде 127 445 өтініш бойынша 19,69 миллион доллар тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, 78 060 өтініш бойынша 11,92 миллион доллар білім алу ақысын төлеуге бағытталды.
Сонымен қатар осы жылы 356 613 ел азаматы 18 жасқа толып, өз мақсатты жинақтарын пайдалану құқығына ие болады. Бағдарламаға қатысушылар өз есептелген қаражаттарын egov.kz порталы және kids.enpf.kz сайты арқылы цифрлық форматта бақылай алады. 18 жасқа толған азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен электрондық үкіметтің сервистері арқылы өз деректеріне дербес қол жеткізе алады.