Жарты ғасырлық белес: Марқакөл қорығы – қазақтың қазынасы

Ержан Әбіш
Махаббат Ахметжанова
Елімізде ерекше табиғи бітімімен, суының тұнықтығымен дараланған көлдердің бірі – Шығыстағы Марқакөл. Бұл көлдің қадірін көбіміз толық бағалай бермейміз. Осынау бір табиғаттың көркем бұрышын күзетіп, қорғап келе жатқан ұжым бар. Біз бүгін Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының тыныс-тіршілігіне, жұмыс барысына тоқталмақпыз.
Марқакөл қорығы жылды оң нәтижелермен бастап отыр. Былтыр аптап ыстық пен өрт қаупіне қарамастан қорық аумағында бірде-бір өрт тіркелмеді, уылдырық шашу кезеңінде балық қоры сақталды, ал инспекторлар мен ғылыми қызметкерлер табиғатты қорғау мен мониторинг жүргізуді жалғастырды. Сонымен қатар қорыққа келушілер саны үш есе өсіп, Марқакөл әлемнің түрлі елдерінен туристерді қабылдады. Биыл қорықтың 50 жылдық мерейтойы аясында жаңа ғылыми-танымдық маршруттар ашылып, экологиялық білім беру мен туризмді дамытуға ерекше назар аударылмақ.
БІРДЕ-БІР ӨРТ ТІРКЕЛМЕДІ
2025 жыл әлем тарихында ірі өрттер жылы ретінде есте қалары сөзсіз. Елімізде де жаз маусымы аптап ыстық болады деп болжанып, табиғи өрттердің көбею қаупіне экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың өзі ерекше назар аударды. Әсіресе Шығыс Қазақстанның таулы-орманды аумақтарына айрықша көңіл бөлінді.
Өрт табиғи себептерден де туындауы мүмкін. Алайда көп жағдайда ол адамдардың немқұрайлылығы салдарынан орын алады. Желді күндері от жағу, қоқыс өртеу, темекі тұқылын тастау және мұның бәрін қараусыз қалдыру – осындай әрекеттер үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Біз қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз, бірақ іс жүзінде оларды жиі елемейміз. Сондықтан тек хабардар болу жеткіліксіз, бұл талаптарды саналы түрде әрі қатаң сақтау қажет. Әр адам бір ғана салғырт әрекеттің табиғатқа, демек өзімізге де зор зиян келтіруі мүмкін екенін ұғынуға тиіс.
Сол себепті «Өртке жол жоқ!» деген үндеу жыл сайын өрт қаупі жоғары маусым бойы өзектілігін жоғалтпайды. Бұл – таулы Марқакөл аумағындағы ең ұзақ күзет кезеңі. Ол шамамен қар еритін сәуірдің ортасында басталып, тұрақты жаңбырлы күзге немесе қар жауғанға дейін жалғасады. Осы кезеңде аумақтарда бақылау жүргізу және өрт шыққан жағдайда оны жедел ауыздықтауға дайын болу маңызды. Сондықтан бұл маусым басталғанда қорық ұжымы жергілікті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, арнайы нұсқамалар береді, шаруа қожалықтарымен шарт жасасады. Инспекторлар учаскелерге шығып, ескі ақпараттық тақталарды жөндеп, жаңаларын орнатады.
– Өрт шыққан жағдайда оны тез арада сөндіре білу және соған машықтану керек. Осы тақырыптағы оқу-жаттығу сабақтары Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында наурыздың алғашқы күндерінен-ақ басталды. Бұл бағыттағы білім беру бағдарламасын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы әзірлеп, ұсынды, сондай-ақ қорықтың алдағы өрт қауіпті маусымға дайындығы тексерілді. Қорық командасының Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің аумағында өткен «Жасыл Алтай – 2025» өрт-тактикалық оқу-жаттығуларына қатысуы өртке қарсы дайындық деңгейін арттырды. Маусым айының басында республикалық командалық-штабтық «Өрт – 2025» оқу-жаттығулары аясында «Марқакөл – 2025» өртке қарсы жаттығулары өткізілді, – дейді Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры Тимур Айкенев.
Маусым бойы қорық аумағының басым бөлігінде (90 пайызы) және орман шаруашылығы аумағының бір бөлігінде үздіксіз бақылау жүргізілді. Бақылау Азутау жотасының ең биік нүктесіндегі өрт бекетінен, сондай-ақ Алатай асуы, Шұбарқарағай және Қызылашы учаскелерінен жүзеге асырылды. Аумақтардағы жағдай туралы мәлімет қорықтың кезекші бөліміне баяндалып отырды.
Күшейтілген дайындықтың, тұрақты күзеттің және жергілікті тұрғындармен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде былтырғы жаз Марқакөлде сәтті өтті: учаскелерде өрт тіркелген жоқ. Мемлекет бөлген қаражат есебінен ең қажетті өртке қарсы құрал-жабдықтар сатып алынып, жанармай қоры жасақталды. Ендігі басты мәселе – алдағы өрт қауіпті маусымға мұқият әрі жан-жақты дайындық жүргізу.
УЫЛДЫРЫҚ ШАШУ КЕЗЕҢІ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНДЫ
Марқакөлде уылдырық шашу үдерісі мамырдың алғашқы күндерінде басталып, маусым айының соңында аяқталады. Осы екі айда балықтар тыныш әрі салқын көлден шығып, уылдырық төгетін орындарға жету үшін ағысы қатты өзендер арқылы жаппай ауады. Тек Қалжыр өзені арқылы ғана балықтар ағыс бойымен төмен қарай жүзеді. Осындай жаппай көшу кезінде балықтар жыртқыштар мен браконьерлер үшін оңай олжаға айналады. Сондықтан балықтардың көбею кезеңінде барлық уылдырық шашатын учаскелерде қорғауды қамтамасыз ету – қорық ұжымы үшін жыл сайынғы маңызды міндет.
– Ең алдымен жергілікті тұрғындар арасында экологиялық жұмыс жүргізіліп, уылдырық шашу кезінде браконьерлік әрекеттерге жол берілген жағдайда оның жауапкершілігі жан-жақты түсіндіріледі. Маусым басталысымен қорықшылар көл маңына тәулік бойы жұмыс істейтін он тұрақты бақылау бекетін қойды. Негізгі уылдырық шашатын өзендер мен ат жолдарына адамдар мен жануарлардың қозғалысын тіркейтін алты фототұзақ орнатылды. Ұшу радиусы сегіз шақырым болатын дрон тұрақты түрде пайдаланылды. Уылдырық шашу кезеңінде қорық инспекторлары смарт-патрульдеу технологиясын қолданады. Смартфондар арқылы олар уылдырық шашу үдерісіне мониторинг жүргізіп, браконьерлік деректерін тіркейді, – дейді қорық директоры.
Өткен маусымда уылдырық шашу барлық негізгі өзендерде байқалды. Балықтардың ағысқа қарсы еркін көтерілуі және уылдырық шашып болған соң кедергісіз кері қайтуы үшін өзен арналары тазаланды. Браконьерлікке қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жоспар аясында күзет жұмыстарына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, Батыс Алтай қорығының, Тарбағатай және Катонқарағай ұлттық табиғи парктерінің, Марқакөл орман шаруашылығының қызметкерлері, сондай-ақ табиғатты қорғау полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері тартылды.
Жалпы былтырғы уылдырық шашу кезеңінде 543 жедел рейд өткізіліп, түрлі учаскелерде құқық бұзушылықтың жеті фактісі анықталды. Атқарылған кешенді шаралардың барлығы Марқакөлдегі балық қоры көбеюіне өз әсерін тигізді.
КҮЗЕТШІ ҒАНА ЕМЕС, ЗЕРТТЕУШІ
Инспектор жұмысының басты бағыты – рейдтер жүргізу және аумақты жаяу, атпен немесе моторлы қайықпен күзету. Қарауыл аймағында кез келген заңбұзушылықтың алдын алу – негізгі міндет. Бұл қорық аумағында рұқсатсыз бөгде адамдардың жүруі, мал айдап өту, аң, балық аулау немесе өсімдіктерді жинау сияқты әрекеттер болуы мүмкін. Қорықты қорғау режимін бұзғандар ұсталып, оларға қатысты хаттама толтырылады. Осыған байланысты тұрғындарға қорық режимін сақтау, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбау туралы түсіндіру маңызды.
Жыл сайын базаларды жөндеу, оларды қысқа дайындау, көл жағалауын қоқыстан тазалау, учаскелерді реттеу жұмыстары атқарылады. Жазда инспекторлар туристік экскурсияларды өткізуге де қатысады.
Аумақты аралау барысында қорық инспекторлары табиғи құбылыстарға мониторинг жүргізеді, жануарларды есептейді, тақталар мен фототұзақтар орнатады. Бақылау барысында тіркелген барлық деректер күнделікке жазылады: ауа райы, өсімдіктердің гүлдеуі, жануарлар мен құстардың саны және басқа да мәліметтер. Осылайша инспекторлар ғылыми-зерттеу жұмыстарына үлес қосады.
Қыс басталғалы Марқакөлдің суы қатып, желтоқсанның алғашқы күндерінде мұз үстінде әуесқой балық аулау маусымы басталды. Қазір қорықтың қорғау қызметі балық аулау учаскелерінде қауіпсіздік талаптары мен санитарлық нормалардың сақталуын бақылау мақсатында рейдтер жүргізіп келеді. Балық аулауға рұқсат қағаздары тек Марқакөл қорығының қорғау аймағында тұратын жергілікті тұрғындарға беріледі.
Өткен жылдың соңғы айы қылқанжапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғауды күшейту шараларымен аяқталды. Қорық қызметкерлері түрлі ұжымдармен кездесулерде шырша кесуге жол берілмейтіні, жалпы орман ресурстарына ұқыпты қарау қажеттігі жөнінде әңгіме өрбітті. Жаңа жыл мерекесінде тірі қылқанжапырақты ағаштарды кеспей, оларды әсемдеу дәстүріне көшу бастамасы мектептер мен ұйымдардағы кездесулерде талқыланды. Желтоқсан бойы арнайы топ бақылау жүргізіп, заңсыз ағаш кесу деректері тіркелген жоқ.
Қорық инспекторларының кәсіби деңгейін заман талаптарына сай қалыптастыру және олардың жұмыс тиімділігін арттыру да – басты назарда. Осы мақсатта орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес арнайы оқу семинарлары өткізілді. Семинарлар аяқталғаннан кейін арнайы комиссия инспекторлық құрамның білімін тексеріп, олардың жалпы дайындық деңгейіне оң баға берді.
Ғылым, мониторинг және экологиялық ағарту бөлімі жануарлар мен құстардың есебін жүргізіп, қорық аумағындағы флора мен фаунаны зерттейді. Балықтардың уылдырық шашу кезеңінде мониторингтік жұмыстар атқарылып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ пен оның қорғау аймағында ғылыми қызметкерлер далалық зерттеулер жүргізді. Сонымен қатар өзге де табиғатты қорғау ұйымдарымен бірлескен жұмыстар атқарылып, тәжірибе алмасу жүзеге асты. Алдағы шілде айынан 2027 жылғы шілде айына дейін Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Алтай филиалы Марқакөл көліндегі балық ресурстарының жай-күйін бағалауға арналған биологиялық негіздеме әзірлейтін болады.
ТАЗА ӘРІ КӨРІКТІ МАРҚАКӨЛ ҮШІН!
Осындай ұранмен сәуірде «Парктер маршы – 2025» халықаралық экологиялық акциясы бастау алды. Бұл ауқымды шараның ұйымдастырушысы – Марқакөл қорығы. Аудан орталығындағы мәдениет үйінде өткен ашылу рәсіміне бірнеше ауылдың мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Акция Күршім, Самар, Алтай, Зайсан аудандарында жалғасты. Кездесулер барысында Марқакөл қорығының қызметкерлері жиналған қауымға экологиялық акцияның маңызын, оның адамдарды табиғи аумақтарды қорғауға біріктіретінін атап өтті, акция аясында өтетін іс-шаралар бағдарламасымен таныстырды. Жастар Марқакөлге бірегей географиялық аймақ ретінде үлкен қызығушылық танытып, акция шараларына белсенді қатысты. «Жер-ана күні» атты дүниежүзілік экологиялық мерекеге, құстар әлеміне, қоқысты бөлек жинау мәселесіне арналған сабақтар өткізілді. «Егер біз табиғатты қорғамасақ, табиғат та бізді қорғамайды» деген ой сабақтардың негізгі өзегіне айналды.
Мамырда Марқакөл ауылының мектептері арасында «Еліміздегі экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында пікірсайыс өтті. Жас спикерлер еліміздегі және Марқакөлдегі экологиялық мәселелерге сауатты әрі терең көзқарас танытып, оларды шешудің жолдарын, «жасыл» экономиканы қалыптастырудың маңызын ашып көрсетті.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні Марқакөл қорғында «Парктер маршы» акциясының жабылуы өтті. Бұл акцияға Шығыс Қазақстанның бес ауданынан 2 мыңнан астам оқушы мен педагог қатысты. Жабылу салтанатына облыстың он мектебінен 120-дан астам бала келді. Аудан әкімдігінің, Марқакөл орман шаруашылығының қызметкерлері қатысқан дөңгелек үстел өтіп, өңірінде экологиялық туризмді дамытудың келешегі талқыланды. Шара Марқакөл жағалауы мен өзендерді тазалаумен аяқталды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында қорық ұжымы жергілікті тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін арттыруды міндет етіп отыр. Көл жағасында орналасқан елді мекен үшін экологиялық нормаларды сақтау ерекше басымдық болуға тиіс. Қоршаған ортаға деген осындай ұқыпты көзқарас Марқакөлдің табиғи жағдайына, демек жергілікті тұрғындардың өмір сапасына оң әсерін тигізбек.
Сондықтан қорық ұжымы демалуға келген қонақтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады. Ал жергілікті тұрғындар өз аулаларын, көшелерді қоқыстан тазалауға, аумақтарды абаттандыруға белсенділік танытуы қажет. Сонымен қатар қорық ұжымы жергілікті балықшыларды көлде балық аулау кезінде санитарлық талаптарды сақтауға, көл жағалауын, өзендер мен бұлақтардың арналарын тазалауға атсалысуға үндейді.
МАРҚАҒА КЕЛУШІЛЕР ҮШ ЕСЕГЕ КӨБЕЙДІ
Өткен жазда Марқакөлге 3795 саяхатшы келді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп. Табиғаты тұмса өңірге Ресей, Нидерланд, Бельгия, Испания, Швейцария азаматтары келуде. Алдыңғы маусымда Марқакөл Германия, Ирландия, Канада, Финляндия, Қытай, Сингапур елдерінен келген туристерді қабылдаған. Қорық қызметкерлері қонақтарға табиғат мұражайын көрсетеді, кейін олар экологиялық соқпақ бойымен Марқакөлдің көркем келбетін тамашалайды. Саяхатшылар табиғаттың сұлулығы мен тазалығына тәнті болады.
Тамыз айында облыстық туристік-ақпараттық орталықтың жетекшісі Талғат Дәулетов бастаған топ қорыққа келіп, қызметкерлермен экотуризмді дамыту жолдарын талқылады. Қыркүйекте қорықшылар Өскемендегі этнопаркте өткен «TourEast Kazakhstan» туристік фестивальге қатысты. Көрме алаңына қойылған Марқакөлдің түрлі ландшафттары мен табиғи көрікті жерлері көрсетілген фотосуреттерге еліміздің түкпір-түкпірінен келген саяхат әуесқойлары қызығушылық танытты. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов фестиваль қонақтары алдында сөйлеген құттықтау сөзінде Шығыс Қазақстанда туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, Марқакөл экотуристер үшін басым бағыттардың бірі болып қала беретінін жеткізді. Сонымен қатар туристерді қабылдау және сапалы қызмет көрсету үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастырудың маңызына назар аударылды.
Сонымен қатар қорық қарашада Марқакөл ауданының мәдени күндері аясында Өскеменде ұйымдастырылған «Туған жер – алтын бесігім» көрмесіне де қатысты. Көрме қонақтары мұражай экспонаттарын – сирек құстарды, Марқакөлдің әсем фотопейзаждарын, жануарлар тақырыбындағы балалар суреттерін тамашалады.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Марқакөлдегі ең бірегей әрі тартымды учаскелерді анықтап, көл маңында он жаңа маршрут ашуды ұсынған болатын. Қорық қызметкерлері бұл бағыттар бойынша алдын ала әзірлеу және паспорттау жүргізді. Аталған жұмыс биыл жалғасады.